Атырауда мұғалімге жарақат келтірген оқушының анасына айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мұғалімді итеріп жіберіп жарақаттаған оқушының анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған бала тәрбиесі бойынша міндеттерді орындамаған анаға қатысты іс қаралды.

«Биылғы 11 қазанда сағат 12:30 шамасында Б.-ның кәмелетке толмаған баласы, 7-сынып оқушысы А. тарих пәні сабағында мұғалімге күш қолданған. Салдарынан мұғалім жеңіл дене жарақатын алған. Жасөспірімнің заңды өкілінің кінәсі сот отырысында зерттелген іс материалдарымен, атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен толық дәлелденді», - деп хабарлады кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.

Сот аталған іске қатысты әкімшілік жаза тағайындау барысында құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған баласының бар екенін, кінәні мойындағанын ескерді. Жазаны ауырлататын жайғдайлар анықталған жоқ.

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігінің санкциясында 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза көзделген. Кінәні мойындаған жағдайда сот әкімшілік айыппұл сомасын 30% төмендете алады.

Сот қаулысымен кәмелетке толмаған А.-ның анасы Б. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Бұл аталған баптың санкиясында көзделген айыппұл сомасының 30% құрайды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда 7-сынып оқушысы итеріп жіберген мұғалім жарақат алғанын жазған едік.

Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар