Атырауда мұғалім ескі қыстау орнынан тарихи жәдігерлер тауып алды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мұғалім ескі қыстау орнынан тарихи жәдігерлер тапқан. Оның ішінде азамат соғысы жылдарындағы оқ патрондары мен мыс ақшалар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет ауданының Есбол орта мектебінде тарих пәнінен дәріс беретін Жалғас Таңатов оқушыларды археологиялық қазба жұмыстарына жиі апарады.

Өткен жылы ол Есбол ауылының аумағынан көптеген тарихи жәдігер тапқан.

Оның айтуынша, алғашқы табылған жәдігер – азамат соғысы жылдарына тиесілі оқ патрондары.

Бұл жәдігер Есбол мен Ақжайық ауылы аралығындағы ескі қыстақ орнынан табылған.

«Нөмірлі кодына қарағанда, патрондардың бірі Германияда, енді бірі Петербургта шығарылғаны анықталып отыр. Ал ауыл маңындағы ескі егін алқабының орнынан Алтын Орда дәуіріндегі Өзбек ханның тұсында қолданылған кәдімгі мыс ақша табылды. Шамамен 1313-1341 жылдарға тиесілі теңгеде «721г.х», «Сарай Берке» деген жазу анық сақталған. Бұлардан басқа қыш құмыралар, күміс әшекейлер, алтын, мыс тиындар мен тұрмыстық бұйымдарды да таптық. Жәдігердің барлығы Есбол орта мектебіндегі шағын мұражайға қойылды», -дейді Жалғас Таңатов.

Мұғалімнің пікірінше, оқушылардың тарихи жәдігерлер қызығушылығы артып отыр.

Сол себептен, оқушыларды тарихи жәдігерлерді зерттеуге ынтасын оята түсуді көздеген.

«Бала күнімізде қой жайып жүріп, құмыраның сынықтарын тауып алатын едік. Бірақ оны зерттеу ойымызға келмейтін. Ауылдың үлкендерінен Есбол ауылының маңында тарихи орындар көп екенін еститінбіз. Бірі – азамат соғысы кезіндегі «ақтар» мен «қызылдардың» шайқасы болған жер, бірі – Исатай мен Махамбеттің Жайықтан өткен жолы, енді бірі – археологтар зерттеу нысаны ретінде белгілеген ежелгі сарматтардың қорымы. Бұл ауылдың маңында Айтуар би, Мұрат Мөңкеұлы бабаларымыздың өмірдеректеріндегі зерттелмей жатқан орындар да жетерлік. Тіпті Алаш арысы Халел Досмұхамедовтің әкесі де біздің ауылдан 5 шақырым жерде жерленген болып шықты. Оны тапқан қарапайым ауыл тұрғыны, жылқышы ағамыз Аслан Жалмұханов еді», - дейді ауыл мұғалімі Жалғас Таңатов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көне қорғаннан сармат дәуіріндегі жәдігерлер табылғанын жазған болатынбыз.


Фото: Махамбет аудандық әкімдігі
Соңғы жаңалықтар