Атырауда монополияға қарсы заңды бұзған компаниялар 2,9 млрд теңге айыппұл төледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда монополияға қарсы заңды бұзған компаниялар 2,9 млрд теңге айыппұл төледі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облыстық департаментінің басшысы Айгүл Набиеваның мәліметінше, былтыр тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 45 талдау жүргізілген.

«Оның ішінде тұрғын-үй, жанар-жағармай, сұйытылған мұнай газы, электр энергиясы, азық-түлік дәрілік заттар және тағы басқа тауарлар нарығы қамтылды. Мәселен, «Жылыойгаз» ЖШС Теңіз кен орнындағы коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға тауарлық газды сату кезінде шарттық негізде төлемді 100% алдын ала төлеуді талап еткен. «Дина» сауда-өнеркәсіп корпорациясы орындарды жалға алу бойынша баламалы келісімдерге әртүрлі бағаны негізсіз қолданған. Былтыр 8 әкімшілік іс қозғалып, заң бұзғандардың 488 млн теңгеден астам монополиялық табысы тәркіленіп, айыппұл салынды», -деп хабарлады Айгүл Набиева.

Оның айтуынша, Атырау облысының экономикалық тергеу департаментімен бірге сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің жұмысы тексерілген. Оның қорытындысымен 2,5 млрд теңгенің құқық бұзушылығы анықталған.

Ал, Атырау көлік прокуратурасымен бірлесіп «РТИ-АМӨЗ» ЖШС-нің қызметін тексеру кезінде теміржол саласында монополиялық жоғары бағаларды белгілеу, әртүрлі бағаларды не әртүрлі шарттарды қолдану түріндегі заң бұзушылық тіркелген. Заңсыз табыс 73 млн теңгені құраған. Сондай-ақ, 411 млн теңгеден астам сомаға салынған айыппұл өтелген.

Биыл 20-дан астам тауар нарығында бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жоспарланған.

«Талдау жүргізу нақты нарықтың даму деңгейін бағалауға, ықтимал және қолданыстағы кедергілерді, доминанттардың басым жағдайларды теріс пайдалануын анықтауға мүмкіндік береді. Заңнаманы бұзу зерттелетін тауар нарығында ғана емес, аралас салаларда да үлкен зардапқа әкеп соғады. Субъектілер арасындағы адал бәсекелестіктің дамуына жол бермейді. Нарықтың одан әрі монополиялануына әкелуі мүмкін», - деп мәлім етті Айгүл Набиева.

Қазір монополияға қарсы заңды бұзуға байланысты 5 іс тергеліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар