Атырауда модульдік инфекциялық ауруханаға алғашқы 20 пациент жатқызылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырауда модульдік инфекциялық ауруханаға алғашқы 20 пациент жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл аурухана былтыр NCOC компаниясының демеушілігімен екі айда бой көтерген еді. Қазір жаңа нысан №2 инфекциялық аурухананың бөлімшесі ретінде жұмысын бастады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, 200 орындық модульдік типтегі ауруханада 4 блок бар. Ауруханада 180 стационарлық төсек жабдықталған. Ал, реанимациялық кереует пен қарқынды терапияға 20 төсек арналған.

«Аурухана құрылысы инфекциялық бақылаудың барлық талаптарына сай жасақталған. Мұнда диагностика және емдеу үшін заманауи медициналық жабдықтармен – компьютерлік томографиямен, сандық рентген, медициналық газ жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету және басқа да аппаратармен қамтылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік деңгейі жоғары ақылды желдету жүйесі орнатылған. Әр палатадағы төсек-орынның жанында медбикені шақыру түймесі бар. Ал, оқшауланған бокстарға арнайы чиптер арқылы кіруге болады. Бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін гемодиализ жасау қызметі қолға алынды», -дейді Асхан Байдуәлиев.


Қазір модульдік инфекциялық ауруханада коронавирус инфекциясын жұқтырған 20 науқас ем қабылдап жатыр. Ал, облыстық №2 инфекциялық ауруханада қауіп вирусқа шалдыққан 84 науқас емделуде. Оның ішінде 8 жансақтау бөлімінде жатыр.

«Науқастардың ең үлкені – 92 жаста, ал ең кішісі – 30-да. Олардың арасында 3 жүкті әйел болды. Оның екеуі жеңілденіп, қажетті емін жалғастыруда. Бұған дейін коронавируспен мектеп жасына дейінгі 2 бала ауырып, емделіп шықты. Бүгін ем алып жатқан пациенттердің 20-сы модульдік типтегі жаңа ауруханаға ауыстырылды. Олар қалған емін осы медициналық нысанда жалғастырады» -дейді облыстық №2 инфекциялық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Надя Ерғалиева.


Оның айтуынша, ауруханада полимеразалық тізбекті реакцияға (ПТР) талдау жасайтын орталықтандырылған вирусологиялық зертхана жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне 3000 науқастың анализін тексеруге мүмкіндік бар. Жаңа ауруханада науқастарға 15 дәрігер-инфекционист, реаниматолог қызмет көрсетеді.​ Олар – инфекциялық ауруларды емдеу үшін алдын ала толық дайындық курстарынан өткен білікті​ дәрігерлер.


Соңғы жаңалықтар