Атырауда мейрамханада төбелескендер арасында жас бала мен әйел бар

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мейрамханада төбелесіп, полицияға жеткізілген 10 адамның арасында жасөспірім мен әйел бар. Құқық бұзушылардан суық қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 15 қаңтар сағат 05:10 шамасында болған.

Атырау қаласындағы Темірханов көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінде бір топ адамның арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан.

Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, қоғамдық орында адам өліміне соқтыру мүмкін ауыр қылмыстың алдын алды.

Полиция қызметкерлері жанжалға байланысты 10 адамды ұстады.

Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 1 жасөспірім мен 1 әйел, 8 ер адам бар.

«Қоғамдық тәртіпті бұзып, өзге адамдардың тыныштығына нұқсан келтірген құқық бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылардан суық қару тәркіленді. Іс құжаттары жинақталып, Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түнгі клубтың алдында төбелескен қыздардың ісі сотқа жолданғанын хабарлаған болатынбыз.

Екі бойжеткен түнгі сағат 03:30 шамасында «Авангард» шағын ауданындағы түнгі клубтың алдында бір-бірімен жанжалдасып қалған.

Олардың бұл теріс әрекетін Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының инспекторлары байқаған.

Бір-бірімен жаға жыртысқан бойжеткеннің екеуі 1997 жылы туған. Кейін тентек қыздарға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.

Соңғы жаңалықтар