Атырауда Мемлекеттік ту көтеріліп, патриоттық әндер шырқалды

None
Фото: Өңірлік коммуникация орталығы
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті. Тутұғыр алаңында Мемлекеттік ту көтеріліп, аптриоттық әндер шырқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Қарулы күштер, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестігінің өкілдері қатысты. Іс-шара М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры әртістерінің прологымен ашылды.

«Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің басты нышаны. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары шекарамыз бекітіліп, мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Елтаңбамызбен бір шаңырақ астында бейбіт өмір мен татулықты аңсайтынымызды таныттық. Көк туымызбен ашық аспан астында қырандай қалықтап, дамыған елдермен тереземіз тең болуын көрсеттік. Ал, Әнұранымыз бойға ерекше рух береді. Осылайша, тәуелсіздігіміз үшін мың өліп, мың тіріліп, намысымызды қолдан бермегенімізді жеткіздік. Баршамыз мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын жас ұрпаққа насихаттап, оны құрметтеуге үндеуіміз керек.

Көк байрағымыз биікте желбіреп, Әнұранымыз шырқала берсін!» - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.


Іс-шара кезінде Мемлекеттік Ту көтерілді. Соңынан өңірдің көркемпаздарының патриоттық әндерді шырқады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда биіктігі 91 метрлік тутұғыр орнатылғанын хабарлаған болатынбыз.

Тутұғырдың биіктігі – 91 метр. Алып туды үнемі көрініп тұруы үшін қолмен немесе электр жетегімен көтеретін көп қырлы болаттан жасалған дөңгелек конустық тірегі бар.

Ұзындығы 80 метрлік тутүғыр композициясы субұрқақ пен доға пішінді композициядан тұрады. Композицияның орта тұсында қоладан жасалған Қазақстан Республикасының картасы, жоғары жағында Елтаңба, ал шеткі бөліктерінде Әнұран жазылған.



Соңғы жаңалықтар