Атырауда мемлекеттік қызметшілер Жайық жағалауын қоқыстан тазартты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мемлекеттік қызметшілер Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласында 15 наурыз бен 15 мамыр аралығында тұрмыстық қалдықтарды санитарлық тазалаудың екі айлығы жарияланды. Осыған байланысты 18 наурызда облыстық, қалалық әкімдіктің 200-ден астам қызметкері сенбілікке қатысты.

Сенбілікке шыққандар арасында облыс әкімі Серік Шәпкенов пен Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи, әкімнің орынбасарлары мен басқармалардың басшылары бар. Олар Жайық өзенінің 4 шақырымға дейінгі жағалауынан тұрмыстық қоқыстарды жинады.

Жиналған қоқыс «Арнайыавтобаза» ЖШС-нің көліктерімен арнайы полигонға тасымалданды.

«Табиғаттың тазалығын сақтау – баршамыздың міндетіміз. Бірақ ұдайы қоршаған ортаның тазалығына мән бермейміз. Сол себептен, өзіміз тұратын қала мен ауылды қоқыстан тазарту іс-шараларына кәсіпорындар мен коммерциялық құрылымдардың ұжымдарын шақырамын. Әрбір тұрғын өзі тұратын мекеннің тазалығын сақтауға үлесін қосуы керек», -деді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімінің айтуынша, Атырауда ақпан айында қалың қар жауды. Сол кезде шаһарды қардан тазарту жұмысы тәулік бойы жүргізілді.

«Осындай жұмыстың нәтижесінде қала көшелері мен жеке сектордағы тұрғын үйлерді су қаупі сейілді. Дегенмен, Жайық өзеніне су келу жағдайын бақылау қажет. Осыған байланысты көршілес облыстардан алынған ақпарат пен синоптиктердің деректерін ескеру қажет», -деп мәлім етті Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 55 қоқыс полигоны барын хабарлаған болатынбыз.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, былтыр өңірде рұқсат етілмеген 131 қоқыс полигоны анықталған. Қазір Атырау облысында 55 қоқыс полигоны бар. Оның ішінде 8 полигон (14,5%) ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді.

Соңғы жаңалықтар