Атырауда мектептің электр желісінен ақау шығып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мектептің электр желісінен ақау шығып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 20 қаңтарда таңертең Жамбыл атындағы №21 орта мектептің электр желісінен ақау шыққан. Соның салдарынан желі түтіндеген.

«Бұл білім ордасы Атырау қаласында орналасқан. Электр желісінен ақау шыққан кезде мектеп ғимаратында оқушылар болмаған. Қысқа тұйықталудың салдарынан электр желісінің қалқаны орналасқан бөлмеден түтін шыққан. Осыған байланысты, оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің арнайы бес техникасы жіберілді. Бірақ, ақаудың салдарынан ашық жану дерегі тіркелген жоқ», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 20 қаңтарда түтін шыққандықтан, Жамбыл атындағы №21 орта мектептегі сабақ онлайн форматқа көшірілген. Қашықтықтан оқуға 1 289 оқушы, сондай-ақ 112 педагог жіберілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда орта мектептің директорынан туберкулез дерті анықталғанын жазған едік.

«Қазір туберкулез дертіне шалдыққан мектеп директоры денсаулығына байланысты жұмысынан шеттетілді. Мектеп директорымен жұмыс бабында қарым-қатынаста болған қызметкерлер медициналық тексеруден өткізіледі. Мектеп ғимаратына тиісті санитариялық іс-шаралары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады Атырау қалалық білім бөлімінен.


Соңғы жаңалықтар