Атырауда медицина қызметкерлеріне «Халық алғысы» медалі мен пәтер берілді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда медицина қызметкерлеріне «Халық алғысы» медалі мен пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылында медицина қызметкерлеріне 89 қызметтік пәтер берілген.

«Тәуелсіздік жылдары облыстың денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыды. Салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру 100 процентке жетіп, емханалар мен ауруханаларда жаңа технологиялар​ енгізіліп жатыр. Қазір облыстың медициналық техникалармен жабдықталу көрсеткіші 91 процентке жетті. Облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясының базасы 100 пайызға жаңарды. Еліміз тәуелсіздік алған бергі 30 жылда облыста 65 денсаулық сақтау нысаны қолданысқа берілді. Аудан орталықтарында жаңа емханалар бой көтерді. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдаудың нәтижесінде тұрғындардың орташа өмір сүру көрсеткіші 66-дан 70,5 жасқа дейін артты. Қазір облыс тұрғындарының саны 433 мыңнан 665 мың адамға дейін жетті», -дейді Махамбет Досмұхамбетов.​ ​

Әкімнің айтуынша, алдағы жылы 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау, жаңадан 2 нысанының құрылысын бастау көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында облыстық аурухана базасынан 20 төсектік гемодиализ орталығын ашу жоспарда тұр.

«Дүниежүзін жайлаған коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегі ұшан-теңіз деуге болады. Ақхалатты жандар уақытпен санаспай, науқастарды емдеуде қолдан келген көмектің бәрін жасап отыр. Дәрігерлерге қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді», -деді облыс әкімі.

Президент Жарлығымен бір топ дәрігерге «Халық алғысы» медалі табыс етілді. Сондай-ақ, медицина саласында еңбек етіп жүрген 19 жас қызметкерге пәтер кілті табысталды.

Атырау қаласына таяу орналасқан Геолог емханасының дәрігері Бағдәулет Рахманұлының пікірінше, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жастардың медицина саласына қызығушылығын оятқан.

«Соңғы жылдары әсіресе, жас мамандарды баспанамен қамту жолға қойылды. Мектеп түлектерінің жоғары білім алуына гранттар бөлініп отыр. Мұның бәрі жастардың медицина саласын таңдауына ықпал етті», -дейді ол.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 26 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанын әйелдер басқаратынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар