Атырауда масаны жаңа препаратпен улап жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда маса өлтіру үшін жаңа препарат қолданылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биолог-энтомолог Айнагүл Дәулетиярованың мәлім етуінше, жылдан-жылға маса улау жұмысы күрделене түскен. Өйткені, адам қанымен қоректенетін қансорғыш экологияның кез келген жағдайына тез бейімделеді.

Соның салдарынан, масаны улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға тура келеді. Мәселен, соңғы 4-5 жыл бұрын масаны дәрілеуге «циперметрин», «солфак» секілді препараттар қолданылса, қазір бұлар күшін жойған.

Ал, 2018 жылдан бері ресейлік «Медилисципер» препараты пайдаланылады. Бірақ, кейіннен бұл дәрілік зат та әсер етпеген. Сол себептен, соңғы кезде жаңа «мистраль» препараты қолданысқа еніп жатыр.

«Қазір бұл препараттың экологияға кері әсерін зерттеп жатырмыз. «Мистраль» дәрісінің күші жоғары болғандықтан, оны көп көлемде қолдануға болмайды. Сол себептен, оның көлемін азайтып, тиісінше бұрын қолданыстағы «Бомбей» препаратымен араластырдық. Соңғы аптада жасалған тәжірибеде бұл дәрілік зат оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта масаны жаппай улаудың 7-ші сатысында жүргізіп жатырмыз. Алда әлі 8,9,10-шы кезеңі бар» -дейді биолог-энтомолог Айнагүл Дәулетиярова.

Оның айтуынша, масаны улау екі түрге бөлінеді. Біріншісі – дәріні түтіндету, екіншісі – сумен араластырып буландыру. Қолданыстағы дәрілердің күші басым болғандықтан, түтіндетіп улау экологияға қауіп тудырады. Сондықтан, соңғы жылдары, су арқылы буландырып шашуды қолға алынған.

Алайда, мамандар соңғы жылдары «масаны жоюдың табиғи жолы жоқ» деп те дабыл қағуда. Өйткені, масаны азық ететін бақа, инелік сынды жәндіктер жойылып барады. Ал, бұл қансорғыштардың қатарын көбейтіп отыр.

Атырауда биыл масаны улау наурыз айында басталған. «AG Disinfection services» ЖШС содан бері 1188 көп қабатты тұрғын үйдің жер төлесі мен кіреберісіне қансорғышқа қарсы дәрілеу жүргізген. Алдымен, масаны дәрілеудің бірінші сатысында ашық су айдындары залалсыздандырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда масаны улауға 65 млн теңге бөлінген болатын.



Соңғы жаңалықтар