Атырауда лас судан көл жасаған кәсіпорынға 10 млн теңге айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда лас суды далаға төгіп, көл түзілуіне себеп болған кәсіпорынға 10 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын лас суды далаға төгіп, соның салдарынан жасанды көл түзілген.

«Әлеуметтік желіде аталған серіктестіктің жер астына көмілген құбырдан құрамы белгісіз лас суды жер бетіне рұқсатсыз төккені туралы бейнежазбалар жарияланған. Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС тарапынан экологиялық заңнама талабы бұзылған. Осыған байланысты департамент қызметкерлері жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеру қорытындысымен көрсетілген деректер расталды. Қазір серіктестікке қатысты заң бұзушылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы туралы кодексі 328-бабының 1-тармағымен қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, 10 млн 448 мың теңге айыппұл салынды», - деп хабарлады Әлібек Бекмұхаметов.

Сондай-ақ, жер бетіне төгілген сарқынды суды сорып, орнын тазалау, сөйтіп экологиялық заңнаманы бұзу фактілерін жою туралы нұсқама берілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрынАтырау облысында аумағы 6 гектар көл пайда болғаны хабарланған еді. Көл Атырау қаласынан 30 шақырымнан астам қашықта, Мақат ауданындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында түзілді. Алайда, бұл аумақта сарқынды су ағызуға рұқсат берілмеген. Мақат ауданындағы шаруа қожалығының иелері жасанды көлдегі судан химиялық ерітіндінің иісі шығатынына шағым айтқан.


Соңғы жаңалықтар