Атырауда құжатсыз жүрген 25 шетелдік анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген 25 шетелдік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 200-ден астам шетелдік азаматқа түсіндіру жұмысы жүргізілген.

«Атырау қаласының маңындағы Жұлдыз, Томарлы, Көктем, Ақжар, Еркінқала, Балауса, Жұмыскер, Ракуша, Алғабас, Тасқала, Көкарна, Водников елді мекендеріндегі жеке тұрғын үй секторы мен саяжайлар тексерілді. Нәтижесінде жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 25 шетелдік азамат анықталды. Олардың жеке басы анықталғаннан кейін Қазақстан Республикасында болу заңдылығы тексерілді. Еліміздің көші-қон туралы заңдылығын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар алынды» -дейді Ерлан Биғамбаев.

Оның айтуынша, көші-қон заңдылығын бұзған 119 дерек анықталған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 4-бөліміне (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген) сәйкес Өзбекстан Республикасының 84 азаматы, аталған баптың 5-бөлігімен (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көсретілген мақсаттарға сәйкес болмауы) 35 өзбекстандық, 518-баптың 1-бөлігімен Қазақстан Республикасының 41 азаматы (Қабылдаушы тұлғаның шетелдіктерді болуының белгілі құжаттарды рәсімдеу жөнінде шара қолданбауы) әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 24 шетелдік елден мәжбүрлі түрде шығарылғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар