Атырауда қуыршақ театрының алғашқы премьерасы сәтті өтті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қуыршақ театрының алғашқы премьерасы сәтті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының жанынан ашылған қуыршақ театры алғашқы премьерасы «Ата мектебі» спектаклін сахнаға шығарды. Балаларға арналған алғашқы премьераның авторы – театр әртісі Бекет Зинуллин.

«Ата мектебі» – жастардың қарт ата-аналарын ауылда қалдырып, оқуға, жұмыс істеуге, ақша табу үшін қалаға кетуге мәжбүр болатыны туралы әңгіме. Алайда, қалаға барған жастар ата-анасына қоңырау шалуды, барып тұруды ұмытып кетеді. Күнделікті өмірде жиі кездесетін ақиқат демалыста атасына қонаққа келген кішкентай немеренің бейнесінде көрінеді. Ауылда өткізген қысқа мерзім ішінде бала атасының даналық ұлағатына қуана зейін қояды. Пайдалы кеңес алып, домбырада ойнауды үйренеді. Бақшаға күтім жасауға көмектеседі. Қаладағы ата-анасына оралар сәтте немересі атасын құшақтап, тағы да келуге уәде береді.

«Аға буын – отбасылық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізушілер. Олар бала тәрбиесінде маңызды рөлі атқарады. Ата-әжені ешбір мектеп те, балабақша да алмастыра алмайды. Сол себептен, біз ауылдағы қарт ата-ананың балаларына, немерелеріне деген сағынышын, ұлағатын көрсетуді көздедік. Олар қарашаңырақты тастап, қаладағы балаларына қоныс аударғысы келмейді. Кейде өзім де алыс ауылдағы ата-анамды ойлап, мұңайып қаламын. Бұл – өмір. Десек те, ең басты ой – ата-ананы жалғыз қалдырмауды көрерменге жеткізе алдық деп ойлаймын», - дейді сценарий авторы Бекет Зинуллин.

Академиялық драма театрдың директоры Берік Жәменовтың айтуынша, Атырауда қуыршақ театрын ашу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туындаған.

«Оңтүстікте өңірдегі қуыршақ театрының әртістері Сұлтан Бейбарыстың балалық шағы туралы жазылған Рахымжан Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» атты пьесасын сахналады. Сол спектакльдегі көріністер жан-дүниемді қозғап жіберді. Бұл туралы театрымыздың әртістеріне ұсыныс айтып едім. Олар Атырауда да қуыршақ театрын ашу бастамасын бірден қолдады» -дейді Берік Жәменов.

Оның айтуынша, болашақта Алматы, Ақтөбе қалаларындағы қуыршақ театрларының мамандарын, әртістерін шақыру жоспарланып отырмыз. Қойылымдарға балалар да қатыстырылмақ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда алғаш рет қуыршақ театры ашылатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар