Атырауда құс тұмауына қарсы үй құстарын егуге 6 291 доза вакцина бөлінді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда құс тұмауына қарсы үй құстарын егуге 6 291 доза вакцина бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мырзабек Дүйсеновтің айтуынша, Атырау қаласындағы 7 ауылдық округ тұрғындарының үй құстарын егу жоспарланған.

Бүгінге дейін 4 округ тұрғындарының иелігіндегі 2 382 құс түгелдей егілген. Ал, 3 округтегі үй құстарын осы аптаның соңына дейін егу көзделіп отыр.

«Атырау облысында солтүстік Каспий жобасының операторы – «Норт Каспиан Оперетейнг Компани Н.Б.» компаниясы игеріп жатқан «Қашаған» кен орнына қарасты DS-04 және DS-01 жасанды аралында шағаланың бірнеше түрінен құс тұмауы ауруы анықталған болатын. Осыған байланысты Атырау қаласының аумағында орналасқан 7 округте 1 200 қаз бен 5 091 тауыққа құс тұмауы ауруына қарсы егу қолға алынды. Бұл үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 6 291 доза вакцина бөлінді. Егу жұмыстары 1 шілдеде басталды. Қазір үй құстарын егу жұмыстарын «Эпизоотияға қарсы республикалық отряды» РММ-ның Атырау филиалы мен көршілес Батыс Қазақстан облысынан 12 адамнан жасақталған 4 бригада атқарып жатыр», -дейді Мырзабек Дүйсенов.

Бұдан бұрын Атырау облысында қырылған құстардың саны 5 мыңнан асқан болатын. Қара шұбар тұқымды шағаланың жаппай қырылу дерегі 19 маусымда «Қашаған» кен орнындағы екі жасанды аралда анықталған. Қырылған құстардың саны – 2 750.

Соған байланысты Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында құрылған комиссия мүшелері құстар қырылған жерге барып, онда профилактикалық тексерулер жүргізді. Сол жерден су, топырақ және ауа сынамалары, құстардың өлекселері зерттеуге алынды.

«Бес күннен кейін, яғни 24 маусымда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығынан өлген құстардың сынамаларынан АН5 құс тұмауына оң нәтиже анықталғаны туралы жауап келді. Осыған байланысты Атырау облысының аумағында құзыретті органдардың қатысуымен ұқсас жағдайларды анықтау мақсатында толық бақылау мониторингі жүргізілді.

26 маусымда Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Шалыга аралындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында 2500 шағаланың өлу дерегі анықталды. Оның ішінде 1000 «Чеграва», 1 200 «Қара бас өгізшағала», 300 «Өгізшағала» тұқымды құс қырылған», -деп мәлім еткен еді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар