Атырауда құрбысын 45 млн теңгеге алдаған күдікті ұсталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда құрбысын 45 млн теңгеге алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше, 7 маусымда болған.

«Полицияға ақша айырбастау пунктінен шыққан 1980 жылғы әйелдің 45 млн теңгесін тонады деген хабар түскен. Осыған байланысты криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері шағымданушы ұрлықты өзі ұйымдастырғанын анықтады. Ұсталған екі күдікті оның таныстары болып шықты. Күдіктілер өз әрекеттерін мойындады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ұрланғанды деген ақша 32 жастағы кәсіпкер әйелге тиесілі болған. Ол ақшаны құрбысына сеніп тапсырған.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулықтарды жұмысқа орналастырамын деп алдаған алаяқ 3 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Сотталушы А. жәбірленушілер Б. мен Қ.-ға WhatsАрp желісі арқылы сөйлесіп, олардың жұбайын жұмысқа орналастыратынын айтқан. Алайда өзге адамдарды жұмысқа орналастыратын мүмкіншілігі болмаса да, түрлі себептермен бірнеше рет қаражатты өз есепшотына аудартқан.

«Нәтижесінде сотталушы А. жәбірленушілердің әрқайсысынан 107 мың және 107 150 теңгені иемденіп, жұбайларын жұмысқа орналастырмай, алдап кеткен. Сотталушының жасаған қылмыстық әрекеті ауыр қылмыс санатына жатады. Сол себептен сот үкімімен сотталушы А. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағына сәйкес кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деп мәлім етті Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар