Атырауда Құрбан айт кезінде мал сою пункттерінің жұмысын қадалағау күшейтіледі

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Құрбан айт кезінде мал сою пункттерінің жұмысын қадалағау күшейтіледі. Бұл туралы Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлназ Ирбатырованың жаңа қаулысында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін, 7 шілдеде Атырау облысы аумағында «Құрбан айт» мерекесін тойлау кезеңінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету туралы №6 қаулыға қол қойылды.

Қаулыда құрбандық шалу үшін жергілікті атқарушы органдар айқындаған орындарда ғана союды ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз етуге басымдық берілген. Осыған орай тұрғындар арасында Құрбан айт мерекесін өткізуді ұйымдастыру, тамақтан улануға және жіті ішек инфекцияға жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсылынған.

«Ветеринариялық қызметтің ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған мал сою пункттері мен алаңдарда мал сою және сату ұйымдастырылсын. Тоңазытқыш жабдықтардың және жеке қорғаныш құралдарының қажетті санын қамтамасыз ете отырып, мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді (құрбандыққа шалынған малдың еті) тасымалдау және сақтау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық ережелер талаптарының сақталуы қамтамасыз етілсін, облыс аумағындағы барлық мал сою пункттерінің жұмысына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау күшейтілсін», -делінген жаңа қаулыда.

Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына жіті ішек инфекцияларының және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында бірнеше ұсыныс беріліп отыр. Оның ішінде жеке гигиена ережелерін сақтау, тез бұзылатын өнімдерді тек салқын күйде сақтау, тамақ өнімдерін сатып алған кезде жарамдылық мерзіміне, шығарылған күніне назар аудару, кездейсоқ адамдардан және санкцияланбаған сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау бар.

Жаңа қаулы 2022 жылғы 7 шілдеде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар көбейіп бара жатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар