Атырауда құны 1,3 млрд теңгенің коммуналдық базары мемлекет меншігіне қайтарылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда құны 1,3 млрд теңгенің коммуналдық базары мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс прокуратурасы активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізуде. Мәселен, құны 1,3 млрд теңгені құраған «Сарайшық» коммуналдық базары прокурордың актісі бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған. «Бұл базар кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға жеке қолға берілген. Тексеру барысында өзіне қабылданған шарттық міндеттемелерді орындамау, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тежеу бойынша бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты облыстық сот Атырау қаласы әкімдігінің прокурордың ұсынысы негізінде берген талап-арызы бойынша сенімгерлік басқару шартын бұзу туралы шешім шығарды», - деп хабарлады Атырау облыстық прокуруатурасының баспасөз қызметінен.

«Сарайшық» коммуналдық базары 2016 жылы ашылған. Жалпы аумағы 2,6 мың шаршы метрді құрайтын жабық базарда 288 сауда орны, сыйымдылығы 2330 тонна өнімді сақтайтын 4,4 мың шаршы метр қоймасы, 2 гектар жер учаскесі бар. 2016 жылы іске қосылған базардың былтырға дейін 51,2 млн теңге кредиторлық берешегі болған.

Ал былтыр аталған базар кейіннен сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге «Идеал Маркет» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілді. Нысанның құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда серіктестік директоры жалған банкроттық дерегімен сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар