Атырауда күн райының қолайсыздығынан бір күнде 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында ауа райының қолайсыздығынан бір күнде 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 2 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 7 ақпанда Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері күшейтілген режим қызметіне көшірілген.

«Жол-көлік оқиғасына қардың көп жауғаны, ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр. Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 7 ақпан күні таңғы сағат 7:30-дан кешкі сағат 19:30 аралығында істен шыққан бағдаршамдар орналасқан 24 көшенің қиылысында патрульдік жол қозғалысын реттеді. Қардың көптігінен жолда жүре алмай қалған және көлігі істен шыққан 80-нен астам жүргізушіге көмек көрсетілді. Ауа райының қолайсыздығынан бұл күні Атырау қаласында 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккен 2 адам жедел-жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілді», -дейді патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Дәурен Нәсиполла.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі күн мектеп пен колледждегі сабақ онлайн форматта өтетінін хабарлаған болатынбыз.

Күн райының қолайсыздығынан Атырауда бірнеше шағын аудан жарықсыз қалды.

Ал, Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол уақытша жабылды.

«Бүгін, 7 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 15:00-ден бастап қолайсыз ауа райына байланысты «Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жол уақытша жабылды. Атырау облысының аумағында қалың қардың түсуіне байланысты барлық жол қозғалысына қатысушыға жолда жүру қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар