Атырауда ҚТЖ филиалының директоры қамауға алынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Атырау филиалының директоры қамауға алынды. Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мәлім етті.

«Филиал директоры Елеубай Сапаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ол қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, кәсіпкердің 1 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденді деген күдікке ілінді. Қазір оған қатысты Атырау қаласының тергеу соты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын таңдалды», - деді Нұрлан Жахин.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процестік кодексі 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.

«Біз «Қазақстан темір жолы» АҚ қызметінде бірқатар проблемалар барын білеміз. Көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Мәселен, диспетчерлердің, «Қазтеміртранс» филиалы басшылығының өтінімді қарауы, «Қазақстан Темір жолы» АҚ «Жүк тасымалы» филиалына өтінімді жолдауы сияқты маңызды кезеңдер автоматтандырылмай отыр. Тауар кассасы кәсіпкердің өтінімін алғаннан кейін «Қазтеміртранс» диспетчеріне өтінімнің бар екені туралы электрондық пошта арқылы хабарлайды. Кәсіпкерлер бір уақытта өтініш беріп, вагондарды әр кезеңде – бірі сол күні, өзгелері бірнеше күн өткеннен кейін алатын жағдайлар кездескен», - деп мәлім етті Нұрлан Жахин.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бірнеше рет пара алған департамент басшысы сотталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар