Атырауда креативті жастарға қолдау білдіретін орталық ашылады

None
Атырауда креативті жастарға қолдау білдіретін индустрия орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Sarayshyq upgrade - 2023» халықаралық жастар форумында мәлім етті.

Атыраудағы халықаралық форумға Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейден, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан 200-ден астам жас жиналған. Форумда ІТ, маркетинг, музыка және киноматография бағыттары талқыланады.

«Форумға жиналған жалынды жастардың бойынан тұлға ретінде дамуға ұмтылысты, ынта-жігерді көріп тұрмын. Жастар форумның атауын өздері таңдап алды. Олар осылайша, тарихымызға терең еніп, жан-жақты ізденгенін танытып отыр. Президенттің жастарды алға жетелейтін, тың идеясын іске асыруға мүмкіндік беретін, мәдениетімізді жаңа бағытта насихаттайтын креативті индустрияны қолдау қорын ашу туралы тапсырмасы бар. Осы орайда облыстық әкімдік жастарға кино, ІТ технология және түрлі бағыттағы жобаны іске асыруға мүмкіндік беретін жастар орталығын ашады», - деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің пікірінше, жастардың мұндай форумын жыл сайын өткізу қажет. Өйткені жалынды жастары бар елдің жетістігі мол болады. Ал бұл форум жастардың өзара тиімді қарым-қатынас орнатуына, мол тәжірибе алмасуына септігін тигізеді.

Халықаралық форум төрт бағытта өтіп жатыр. «Кинематография» бағытында Жандос Айбасов, Ернар Нұрғалиев, «Маркетинг» бойынша Антон Ким, Абылай Юсупов, «Ақпараттық технологиялар» саласында Жандос Тұрсынбаев, Ерлан Есімсейітов, «Музыка» тақырыбында Ерболат Беделхан, Азат Әбікен мен Айзатулла Хусейн шеберлік сағатын өткізеді.

Еске сала кетелік, бұған дейін ретрокөліктер атыраулықтардың қызығушылығын тудырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар