Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 900 шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көші-қон заңнамасын бұзған 1 486 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде шетелдік 900 азамат бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер 27 маусым-4 шілде аралығында анықталған.

«Атырау облысының аумағында «Заңсыз келуші-2022» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Мақсат – заңсыз көші-қон ағынының алдын алу, жолын кесу мақсатында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзу дерегін анықтау. Аталған іс-шара кезінде еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 486 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 900 шетелдік азамат бар», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 25 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.

Сондай-ақ, қазақстандық 587 азамат шетелдік жұмыс күшін тартуда «ҚР Халықтың көші-қоны туралы» Заңы талабын бұзғаны белгілі болды. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Атыраулық полиция қызметкерлері өңірдегі құрылыс нысандарында Өзбекстан Республикасының азаматтығы бар 117 адамның құжатсыз әрі заңсыз жұмыс істегенін анықтады. Оның ішінде 13 өзбекстандық Жылыой ауданындағы орталық аудандық аурухананың құрылыс нысанына жұмысқа тартылған. Шетелдіктерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар аудандық сотқа жолданды.

Ал, құрылыс саласындағы серіктестік басшыларының өзбекстандықтарды қабылдап, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны дәлелденді. Осыған байланысты серіктестік басшыларына аталған кодекстің 518-бабының 1-бөлігімен және 519-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазір шетел азаматтары қабылдау-тарату орталығына орналастырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда есірткі притонын ұйымдастырған өзбекстандық әйел ұсталған болатын.


Соңғы жаңалықтар