Атырауда қос елдің паспортымен жүрген тағы бір адам анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында қос азаматтықпен жүрген тағы бір адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрманғазы ауданының полиция қызметкерлері көршілес Ресейден келген «қонақтың» қос мемлекеттің азаматтығымен жүргенін әшкереледі.

«Бұрынғы атыраулық 1999 жылы отбасылық жағдайына байланысты Ресей Федерациясына көшіп кеткен. Ол 2000 жылы сол елдің азаматтығын қабылдаған. Бірақ, бұл туралы тиісті орындарға хабарламаған» деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының төлқұжатымен жүрген бұл азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 496-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.

Жинақталған құжаттар Құрманғазы аудандық сотына жолданып, бұл азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қос азаматтықпен жүрген әйелге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар