Атырауда коронавирустың екінші толқынына дайындық талқыланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте аймақтың коронавирус індетінің екінші толқынына дайындығы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазір өңірде эпидемиологиялық ахуал​ тұрақталды. Соған қарамастан дайындық жұмыстары күшейтілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәлімдеуінше, коронавирустың екінші толқынына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі- дәрмек қоры жеткілікті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы екпе жүргізу үшін 60 мың доза вакцина сатып алып, қазір екпе жүргізу басталды.

«Облыстың медициналық ұйымдары науқастарға көмек көрсету үшін 224 ИВЛ аппаратымен, 27 рентген аппаратымен, 10 компьютерлік томография аппаратымен, 977 оттегі генераторымен және 1100 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілді. Коронавирустың екінші толқыны орын алған жағдайда облыста​ 2080 инфекциялық керует, оның ішінде 120 реанимациялық керует жасақтау жоспарланды. Бұдан басқа, шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін өңірге 7 жылжымалы медициналық пункт келеді деп күтілуде», - деді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сонымен қатар, бүгінде облыстың емдеу-сауықтыру ұйымдары жеке қорғаныш құралдарының​ 2 айлық қорымен қамтамасыз етілген. Демеушілік көмек арқылы алынған 8 автокөлік облыстың медициналық ұйымдарына таратылды.​

Бұдан басқа, қазан-қараша айларында лизинг арқылы 40 санитариялық автокөліктің жеткізілетіні күтілуде. Облыста 8 медициналық ұйымға орталықтандырылған оттегі станциясын орнату жоспарланған болса, бүгінде​ 6 станцияның құрылыс монтаж

жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау, карантин кезінде той, еске алу сынды отбасылық жиындарға тоқтау салу, дезинфекция жұмыстарын күшейту, сонымен қатар, карантин жағдайындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жалғастыру сынды мәселелер де талқыланды.

«Бүгінде аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Соған қарамастан​ облыста коронавирус инфекциясымен күрес әлі де жалғасуда. Тұрғындар арасында ақпараттық- насихаттық жұмыстарын одан ары күшейтуіміз қажет. Коронавирус індетінің бірінші толқыны кезінде науқас адамдарды емдеуге арналған төсек орындардың тапшылығы анық байқалды. Осы мәселені шешу бағытында Атырау қаласында 200 орындық, ал Жылыой ауданында 275 орындық ауруханалардың құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жуық арада аяқталуы тиіс», - деді Махамбет Досмұхамбетов.


Сондай-ақ, облыс әкімі Атырау қаласында салынып жатқан модульді типтегі жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын уақытында аяқтауды, медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен құрылыс басқармасына жіті қадағалауды тапсырды.

Жиын соңында өңір әкімі Махамбет Досмұхамбетов эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап, санитарлық нормаларды қатаң сақтауды,​ коронавирустық инфекцияның таралуы мен ауру көрсеткіштерінің өсімі байқалған жағдайда жедел шараларды қабылдауды, сондай-ақ,​ барлық санаттағы медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді.


Соңғы жаңалықтар