Атырауда коронавирустан емделуге жіберілген соңғы науқас сауықты

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда амбулаторлық емделуге жіберілген соңғы науқас сауықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавирустан сауығу үшін үйінде ем қабылдаған соңғы пациенттің ПТР-зерттеуі теріс нәтиже көрсетті.

«Атырау облысында пандемия басталғаннан бері 62 253 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде, 128 пациент қайтыс болды. Қазір өңірдегі ауруханаларда қауіпті вирусқа қарсы ем қабылдап жатқан науқастар жоқ. Үйінде амбулаторлық ем-дом қабылдаған соңғы пациенттің ПТР-зерттеуі теріс нәтиже көрсетті», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Былтырғы 1 ақпаннан бері коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың І компонентін 270 841 адам салдырған. Вакциналардың ІІ компонентін алған атыраулықтардың саны 258 871-ге жетті. Ревакциналаудан 62 998 адам өткен. Ал, Pfizer вакцинасын 9 517 адам қайта вакцинациялау ретінде алған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда коронавируспен ауырған соңғы науқас емделіп шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар