Атырауда коронавирус жұқтырғандар Амстердам мен Ыстанбұлдан келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов өңірде коронавирус анықталған үш адам туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай бүгін 27 наурыз күні Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам анықталды. Бірінші науқас – 21 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан Атырауға келген. 26 наурызда ЖРВИ белгілерімен одан анализ алынған. Нәтижесінде инфекция жұқтырғаны анықталды. Екінші науқас – 17 наурыз күні Ыстанбұлдан Алматыға, осыдан кейін Алматыдан Атырауға ұшып келген. Нұр-Сұлтанда Ыстанбұлдан Алматыға келгендердің арасынан инфекция жұқтырған адам табылғанын білесіздер. Соған байланысты қарым-қатынаста болғандардан біз кеше анализ алдық. Нәтижесінде Атырауға келген адамның инфекция жұқтырғаны анықталды», - деді Байтолла Ғазизов «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Үшінші науқас – Амстердамнан кеше Атырауға келген.

«Ол науқас бірден карантинге жатқызылып, анализ алынып, тест нәтижесі оның да инфекция жұқтырғанын анықтаған. Үш науқастың да жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық. Тиісті хаттамаларға сай емдеуге жатқызылып, ем-дом жасалып жатыр», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар