Атырауда коронавирус жұқтырған екі жүкті әйел босанды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда коронавирус жұқтырған екі жүкті әйел босанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

«Бүгін №2 Атырау облыстық ауруханасында коронавирус жұқтырған екі жүкті әйел босанды. Аталған аурухананың білікті хирургтары мен анестезиолог мамандары, Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер-реаниматологтары, гинекологтары, акушер құрамы мен неонатологтар оларды аман-есен босандырып алды», - делінген ақпаратта.

Дүниеге келген ұл және қыз балалардан коронавирусқа анализ алынды. Нәтижелері ертең белгілі болады.

«29 және 24 жастағы жүкті әйелдер инфекциялық стационарға жүктіліктің 38 аптасында коронавирус инфекциясының симптомсыз расталған жағдайымен қабылданған болатын. Босанған аналар жұқпалы аурулар бөлімшесінде хаттамаға сәйкес емін жалғастырады. Нәрестелер аналарынан оқшауланып, арнайы әзірленген таза палатаға ауыстырылды. Жағдайлары қанағаттанарлық, дәрігерлердің бақылауында», - дейді №2 Атырау облыстық ауруханасы директорының орынбасары Надя Ерғалиева.

Айта кетейік, босану уақыты жақындаған 29 және 24 жастағы жүкті әйелдерден коронавирус анықталғаннан кейін олар бірден аталған аурухананың изоляторына жатқызылған.


Соңғы жаңалықтар