Атырауда коронавирус жұқтырған 15 жүкті әйел инфекциялық стационарда жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирус жұқтырған 15 жүкті әйел инфекциялық стационарда жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, №2 облыстық аурухананың инфекциялық стационарында 42 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 15 жүкті әйел, 10 ересек тұрғын мен 7 бала бар.

«Біздің мақсатымыз – сырқатына ем іздеп келген науқастарға дер кезінде көмек беру. Коронавирус инфекциясын жұқтыру белгісі байқалса, уақытылы дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес беремін. Әсіресе, балалар мен жүкті әйелдердің имунитеті әлсіз болады. Сол себептен, олар вирус жұқтыруға бейім болады», -дейді инфекционист-дәрігер Шолпан Қанатова.

Атырау облысында өткен тәулік – 3 тамызда COVID-19 инфекциясын 63 адам жұқтырған. Қазір инфекциялық стационарларда ем қабылдау үшін 60 науқас оқшауланған. Ал, 898 адам үй жағдайында ем алып жатыр.

Қауіпті вирустың өршуіне вакцина алу, ревакциналау қарқынының төмендегені әсер еткен. Осы кезге дейін вакциналардың І компонентін 273 820 адам алған. Вакциналардың ІІ компонентін 259 752 атыраулық ектірген. Ревакциналаудан 105 421 адам өткен.

Pfizer екпесінің І компонентін 18 494, ІІ компонентін 15 634 адам салдырған. Аталған вакцинаны 38 112 тұрғын ревакцина, 5 608 адам қайтадан ревакцина ретінде ектірген.

«Емханаларда егу пункттері вакцина алушыларға демалыссыз қызмет етеді. Қазір өңірдегі медицина мекемелерінде Pfizer вакцинасының I, II компоненттерінің, Vero Cell және QazVac вакциналарының ревакциналауға арнлаған дозаларының жеткілікті қоры бар», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші екі есе өскенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар