Атырауда көпқабатты үйлер ауласынан көкқұтан табылды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында тұрғын үй алабынан табылған көкқұтан табиғи мекеніне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жабайы құстың у-шуы көп қалаға кіруі сирек кездесетін жайт. Атырау қаласындағы Авангард-3 шағын ауданының тұрғын үй алабында жүрген көкқұтанға тұрғындар таңырқай қарады.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан Иманғалиевтің айтуынша, жабайы құсты Наталья есімді тұрғын ұстап, үйіне алып кеткен. Ол жабайы құсты табиғи мекеніне жеткізу үшін волонтерлерден көмек сұраған.

Ал волонтерлер жабайы құс туралы деректі аталған инспекцияға хабарлаған. Инспекция мамандары оның көкқұтан екенін анықтады.


«Наталья есімді тұрғынның жабайы құсты үйіне алып кеткені дұрыс болды. Өйткені, көшеде жүрген бұралқы иттер көкқұтанды талап, өлтіріп тастауы мүмкін еді. Қазір жабайы құстардың түлейтін кезеңі өтіп жатыр. Сол себептен, құстардың ұшуы қиынға соғады. Біздің мамандар көкқұтанды тексеруден өткізді. Ол жарақат алмаған», - дейді Нұрлан Иманғалиев.

Оның айтуына қарағанда, инспекция мамандары көкқұтанды шаһар маңындағы каналға жіберген. Табиғи мекендеу ортасына ұқсас каналда көкқұтанның әл жинауына мүмкіндік бар. Каналдан азықты да таба алады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіне қаршыға ұшып кіргенін жазған едік.

Көпқабатты тұрғын үйдің кіребес дәлізіне кірген қаршыға далаға шыға алмай қалған. Оны жергілікті құтқарушылар ұстап алып, еркіндікке жіберді.


Соңғы жаңалықтар