Атырауда көпқабатты тұрғын үйлер жылу жүйесіне қосылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Нұрсая ықшамауданындағы  көпқабатты 45 үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Құрылыс жұмыстары 14 желтоқсан күні аяқталады деп жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, Нұрсая ықшамауданында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыстарын «Гарант Строй 2008» ЖШС мекемесі жүргізуде.

«Атырау жылу желілері» АҚ вице-президенті Әлібек Темірғалиевтің айтуынша, Нұрсая ықшамауданын іске қосу оң нәтижесін береді.

«Біріншіден Нұрсая ауданында автономды қазандықтар жиі бұзылып, жөндеу жұмыстары өте қымбатқа шықты. Екіншіден, автономды қазандықтарды пайдалану үшін  білікті мамандар қажет, қалада маман тапшы. Үшіншіден, Нұрсая маңында автономды қазандықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арнайы химиялық тазартылған су қажет. Бұл да қиындықтар тудырды. Қаланың орталық жылыту жүйесі болса, әрине, әр үйді бөлек қазандықтарды салудан гөрі біріктіріп, жалпылай қамту керек. Жұмыс аяқталғаннан кейін барлық бүлінген асфальт алаңдары қалпына келтіріледі», - дейді Әлібек Темірғалиев.

Соңғы жаңалықтар