Атырауда көпқабатты 87 үйдің тұрғындары әлі жылусыз отыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шағынаудандағы көпқабатты 87 тұрғын үйге жылу әлі берілген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін, 26 желтоқсанда Атырау қаласындағы шағынауданда магистральды құбырдан ақау табылып, жылу беру уақытша тоқтатылған еді.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбетәлиевтің мәліметінше, жалпы ұзындығы 3 045 метр, диаметрі 426 мм магистральды құбырдан ақау табылған.

Соның салдарынан бүгін жергілікті уақытпен сағат 11:30-да «Нұрсая» шағын ауданындағы көпқабатты 87 тұрғын үй мен №40 мектепке жылу беру тоқтатылған.

Магистральды құбырдағы ақауды жөндеуге «Атырау жылу желілері» АҚ-ның 15 қызметкер мен 5 техника тартылған.

«Құбыр бойындағы ақауды толық қалпына келтіру үшін дәнекерлеу жұмысы аяқталды. Енді құбырды сумен толтыру процесі басталды. Тұрғын үйлерге жылу шамамен 1-2 сағаттан соң беріледі», -деп мәлім етті Атырау облысының энергетика кешенінің баспасөз қызметінен.

Синоптиктердің дерегіне қарағанда, қазір Атырауда жауын-шашын жоқ. Ал, ауа температурасы +1 градус, желдің жылдамдығы – секундына 2 метр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 9 көпқабатты тұрғын үй бірнеше сағат жылусыз қалған еді.

Биылғы 6 желтоқсанда дәл осы «Нұрсая» шағынауданында жылу қазандығы істен шыққан.

Сол себептен, көпқабатты 9 тұрғын үй тұрғындары бірнеше сағат жылусыз отырған.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсететін мекеменің басшылығы жылу беру үшін диагностика жүргізбегені анықталған.


Соңғы жаңалықтар