Атырауда көпірден секіруге оқталған 40 жастағы әйел құтқарылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 40 жастағы әйел көпірден секіруге оқталған. Оны полиция қызметкрелері құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға бүгін, 29 мамырда Атырау қаласында болған.

«Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері таңғы сағат 04:00 шамасында әкімшілік аумақты патрульдеу кезінде орталық көпірден әйелдің суға секіргелі тұрғанын байқаған. Тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, өзіне қол жұмсамау үшін көпірден секірмекші болған 40 жастағы әйелмен 4 минуттық профилактикалық келіссөз жүргізген. Сөйтіп, оны өз еркімен райынан қайтуға көндірді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Суицид жасауға бекінген әйелдің 1983 жылғы екені анықталды. Ол жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазір әйелдің мұндай әрекетке бару себебі тексеріліп жатыр.

Бұл – сәуірден бері тіркелген бесінші дерек. Көпірден секіруге оқталғандардың ішінде 4 әйел, 1 ер адам бар. Оның ішінде 2-еуінің жасы кәмелетке толмаған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір айға жуық уақыт бұрын жоғалған қыздың мүрдесі табылғанын жазған едік.

Жасөспірім қыз 6 сәуірде үйінен шығып кетіп, кері оралмаған. Кейін оның көпірден кесіргені анықталды. Оның мүрдесі бір айға жуық уақыттан соң Жайық өзенінен табылды.

Ал, 26 сәуірде 23 жастағы бойжеткен көпірден секіріп кетті.

Сондай-ақ, 44 жастағы мас әйел көпірден секірмек болды.

Кейін 20 мамырда 17 жастағы жасөспірім көпірден секіріп кеткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар