Атырауда көпірден секірген жүкті әйелдің 4 қабырғасы сынған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көпірден секірген жүкті әйелдің 4 қабырғасы сынған. Ауруханаға түскен науқасқа дәрігерлер мен психолог көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырауда көпірден секіріп кеткен жүкті әйел құтқарылған болатын.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 7 желтоқсан сағат 9:20 шамасында жедел басқару орталығының инспекторы бейнебақылау камералары арқылы Атырау қаласындағы «Тұрғын үй қалашығы – Авангард» шағынаудандарын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірінде күдік тудырған әйелді көрген.

«Инспекторлар бұл туралы жақын маңдағы патруль полиция қызметкерлеріне хабар берген. Патрульдік полиция батальонының рота командирі, полиция капитаны Алмас Закариев жаяу жүргіншілер көпіріне барып, секірмек болған азаматшаны райынан қайтарғысы келген. Бірақ, жүкті әйел полиция қызметкерімен әңгімелеспей, секіріп кеткен. Алайда, оқиға орнына дер кезінде қайықпен жеткен полиция департаментінің қызметкерлері, полиция лейтенанты Жандарбек Жаңбырбаев пен полиция сержанты Айбат Жаубаев көпірден секірген әйелді құтқарып қалды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көпірден секірген әйелдің жасы – 29-да.

«Жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілген әйелдің жүктілігі анықталды. Жүктілік мерзімі – 4 апта. Оның Орал қаласында тұратыны белгілі болды. Қазір дәрігерлер нейрохирургия бөліміне түскен жүкті әйелдің жағдайын «орташа» деп бағалап отыр. Науқастың 4 қабырғасы сынған. Оған медициналық көмектің барлық түрі көрсетіліп, емдеу шаралары жасалып жатыр. Денсаулығы қалпына келіп, сауығып шыққанға дейін дәрігерлер мен психологтың бақылауында болады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар