Атырауда көпбалалы отбасыларға арналған баспана құрылысы екі жыл бойы тоқтап тұр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырауда көпбалалы отбасыларға арналған 160 пәтер екі жыл бойы тұралап қалды. Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалалық құрылыс бөлімі аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалпы құны 1,4 млрд теңгеге 173 пәтер сатып алды. Оның ішінде құны 1,3 млрд теңге болатын 160 пәтер 21 айдан астам уақыт бойы жергілікті атқарушы органның кезегінде тұрғандарға бөлінбеді», - деді Есеп комитетінің мүшесі Рашит Ахметов Атырау облысына бөлінген бюджет қаражаты аудитінің қорытындысында.

Отырыс барысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова бұл жағдайдың себебін сұрады.

Анықталғандай, бар мәселе пәтерлердің аумағында болып шықты - бұл пәтерлер көпбалалы отбасыларға арналса да, ауданы 60 шаршы метрден аз.

Есеп комитетінің басшысы мұны азаматтарды кемсіту деп атады және осы мәселені шешіп, кінәлілерді жауапқа тартуды сұрады.

Айта кетейік, Есеп комитеті Атырау облысына бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жүргізген. Аудит нәтижесінде рәсімдік сипаттағы 223 бұзушылық, 5 жүйелі кемшілік анықталған. 22,7 млрд теңгені тиімсіз жоспарлау, 7,8 млрд теңгені тиімсіз пайдалану, 0,2 млрд теңге ықтимал шығындар тіркелген.

Аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке заңнаманы жетілдіру жөніндегі тиісті ұсынымдар берді. Атырау облысының әкіміне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шара қабылдауға және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауға тапсырма берілді.

Әкімшілік істерді қарауға уәкілетті органдарға 40 бұзушылық фактілері бойынша материал жіберілген.


Соңғы жаңалықтар