Атырауда компанияның төлем жүйесінен 11 млн теңгені жымқырған қылмыстық топ ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда компанияның төлем жүйесін бұзып, 11 млн теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға бір ЖШС қауіпсіздік қызметкері ірі көлемде ақша ұрланғаны туралы хабар берген.

«Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара ұйымдасқан аталған серіктестікте бұрын жұмыс істеген қызметкерлерден құралған ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Оның бірі әлі де сол серіктестікте қызмет атқарып, қажетті мәліметтермен бөлісіп отырған. Ұсталғандарды тінту кезінде 31 жастағы ер адамның үйінен 6 дана төлем терминалы, компьютер компоненттері мен қосымша периферия құрылғылары табылып, тәркіленді. Топ мүшелерінің бірі төлем жүйесіне кіру парольдерімен қамтамасыз етсе, тағы бірі ұрланған ақшаларды өзара бөліп отырған. Олар биылғы 21 наурыздан 4 шілдеге дейін төлем жүйесіне заңсыз қол жеткізу жолымен жалпы сомасы 11 млн 170 мың теңгені ұрлаған» - дейді Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, 6 адамнан тұратын топ қылмыстық әрекеттерін 3 ай бойы іске асырып келген. Қазір 31, 30, 28 және 26 жастағы 6 адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 4-бөлігінің 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Кінәсын толық мойындаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 24 млн теңгенің есірткісін сатпақ болған діни ағым өкілдері ұсталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар