Атырауда колледжде оқитын үш студент қыз төбелесіп қалды
Атырау бизнес және құқық колледжі директорының орынбасары Назерке Қожабаеваның айтуынша, студенттер арасындағы жанжал 19 қазанда болған.
Әуелі екі қыз бір-бірімен төбелесіп қалған. Кейін төбелеске үшінші қыз араласқан.
Қыздардың төбелесін колледждің оқытушылары мен студенттері тоқтатқан.
«Студенттер сабақтан кейін, түскі мезгілде төбелескен. Біз төбелеске қатысқан студенттердің ата-анаcын шақырып, жиналыс өткіздік. Бірінші курс студенттерімен де түсінік жұмыстары жүргізілді. Психолог студенттермен жеке әңгімелесті», - дейді Назерке Кожабаева.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 жасөспірімнің ата-анасына ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 435-бабымен хаттама толтырылған.
Жинақталған іс құжаттары Атырау облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 20 күн үйіне қонбаған жасөспірімнің Ақтаудағы мектеп-интернатқа жіберілгенін хабарлаған едік.