Атырауда көліктен 20 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының полицейлері көліктен 20 млн теңге ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бүгін таңғы сағат 7:20 шамасында 102 операторына жүк көлігінен 20 млн 445 мың теңге ұрланғаны туралы хабар түскен.

«Полиця қызметкерлері күдіктіні жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жолдың бойында тұрған «DAF» маркалы ауыр жүк көлігінің салонынан 20 млн 445 мың теңге каражаты салынған сөмкенің ұрланғанын анықтады. Көлік жүргізушісінің айтуынша, белгісіз адам ақша салынған сөмкені жасырын түрде жымқырып, окиға орнынан бой тасалап кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығының қызметкерлері күдікті көрінген Geely GC 7 көлігін анықтады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Күдікті көлік «Атырау-Доссор» бағытындағы жолмен Мақат ауданына бағыт алған. Бұл туралы Мақат аудандық полиция бөлімінің кызметкерлеріне бағыттама берілген.

«Мақат ауданының полиция қызметкерлері аталған көліктітоқтатып, 1999 жылғы күдікті ұстады. Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Ақшасынан айырылған жүк көлігінің жүргізуші де, қомақты қаржыны ұрлаған күдікті де Атырау облысының тұрғындары екені анықталып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір күнде 3,4 млн теңге айыппұлы төленбеген 12 жүргізуші ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Автор: Бек Мұстафа


Соңғы жаңалықтар