Атырауда қоғамдық көліктің жүруіне рұқсат берілген жоқ

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында карантин талабы жеңілдетілгенмен, қоғамдық көліктердің жүруіне рұқсат берілген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық бас санитарлық дәрігер Темірбек Мұсағалиевтің қаулысымен 4 мамырдан бастап 13 түрлі нысанның таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат беріліп отыр.

Оның ішінде 500 шаршы метрге дейін аумағы бар азық-түлік емес дүкендер, бөлек ғимаратта орналасқан шаштараздар, адвокаттық қызмет көрсететін компаниялар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар, жарнама агенттіктері, ақпараттық-коммуникациялық компаниялар мен төлем қызметін көрсететін терминалдар бар.

Сондай-ақ, фотосалондар мен гүл сататын дүкендер, микроқаржылық мекемелер, сақтандыру компаниялары мен ломбардтар, айырбастау пункттері, жылжымайтын мүліктерге қатысты операция жүргізетін компаниялар да жұмысын бастады. Бірақ, қоғамдық көліктердің жүруіне рұқсат берілген жоқ.

«Қоғамдық көлік – ең қауіпті орын. Егер медициналық терминмен айтар болсақ, автобус салонының алдыңғы бөлігінде симптомсыз ауырған бір жолаушы болса, ол жолаушылардың 65 процентіне ауру жұқтырады. Ал, ол салонның артқы бөлігінде болса, онда жолаушылардың 20 процентіне індет таратады», - деді осыған орай Темірбек Мұсағалиев.


Соңғы жаңалықтар