Атырауда қайырымдылық марафоны онлайн форматта өтеді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қайырымдылық марафоны онлайн форматта өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың мәліметінше, марафонды 22 қыркүйек пен 31 қазан аралығында онлайн өткізу жоспарланып отыр. «INFINITY FITNESS» клубында тіркелген әр қатысушыға жеке реттік номері беріледі. Қатысушы өзі қалаған жерде көрсетілген күндер аралығында жүгіріп, нәтижесін ұйымдастырушыларға жіберуі керек.

«Биыл әдеттегідей халықтың басын қосып, ауқымды шара өткізудің реті болмай отыр. Сол себепті марафон тек онлайн форматта өтеді. Бұл марафонда жеңімпаздар анықталмайды. Басты мақсат - жарыс емес, ең алдымен карантин кезінде тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыру»,- деді Ринат Ибрагимов.

Оның айтуынша, марафон жас ерекшелігіне байланысты түрлі қашықтықта өтеді. Мәселен, 10-15 жас аралығындағы балалар арасында - 1,2 (3 айналым), 16 жастан асқан жасөспірімдер үшін - 3 км (8 айналым). Балаларға қатысу тегін. Алғашқы тіркелген 10-15 жас аралығындағы 450 балаға, 16 жастан жоғары 700 жасөспірімге естелік медальдар беріледі.

Ал, ересектер арасында онлайн жүгіруді аптаның кез келген күні қатысушылардың қалауы бойынша 10, 21 және 42 км қашықтықта өткізуу жоспарланған.

«Биылғы жарна көлемі ересектерге - 1000 теңге. Белгіленген уақытта қашықтықты бағындырғандар өз нәтижесін ұялы телефондағы қосымша арқылы ұйымдастырушыларға жолдап, естелік медальмен, сертификатпен марапатталады. Қайырымдылық марафонынан жиналған қаражат «Атырау – шағын мемлекет» қоғамдық бірлестігіне табысталады» -деді Ринат Ибрагимов.


Соңғы жаңалықтар