Атырауда қатты жел мектептің шатырын ұшырып әкетті

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қатты жел мектептің шатырын ұшырып әкетті. Оны қалпына келтіру жақын күндері басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Синоптиктер соңғы бірнеше күннен бері Атырауда қатты жел соғатынын ескерткен еді.

Ал, кеше 27 шілдеде қатты жел соғып, нөсер жауды.

Қатты желдің салдарынан Атырау қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін N26 С.Датов атындағы орта мектептің шатырын ұшырып әкетті.

Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл мектеп 1992 жылы салынған. Мектептегі орын саны 624 оқушыға есептелген.

Табиғат құбылысынан адам шығыны болған жоқ. Ал, аталған мектепке келтірілген шығынның нақты көлемін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мектептің бүлінген шатырын қалпына келтіру жұмыстарын жақын күндері бастау жоспарланып отыр. Бұл облыс басшылығының бақылауда тұр.

Атырауда бүгін тағы да күн күркірейтіні туралы ескерту таралып жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының Жылыой ауданында бірнеше елді мекен жарықсыз қалғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар