Атырауда Каспий жағасынан браконьерлердің «қонысы» табылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағасынан браконьерлердің уақытша «қонысы» табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Атырау мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлерінің бірлескен рейді кезінде анықталған.

«Бекіре-2021» балық қорғау акциясы аясында Каспий теңізінің солтүстік жағалауын қамтыған бірлескен рейдке тікұшақ тартылды.

«Рейд кезінде Жылыой ауданындағы «Терең-Өзек» кен орнына жақын жерде, қамыс қопасының арасынан уақытша «қоныс» табылған. Онда бірнеше адамға арналған төсек-орын жабдығы, газ баллоны, азық-түліктер пен су қоры, құрал-саймандар жиынтығы, автомобиль аккумуляторы, фонарьлар, қуаттағыш құрылғылар, рация мен бір ұңғылы мылтық болған. Уақытша «қоныстың» жанында жол талғамай жүруге лайықталған 2 көлік тұрған. Су жағасында 3 резеңке қайық байланған. Сондай-ақ, 7 қапқа қытайлық ау салынған» -деп хабарлады Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.

Каспий жағасынан табылған көліктің бірі, сондай-ақ резеңке қайықтар мен балық аулау құралдары салынған сөмкелер Атырау қаласына жеткізілді. Аталған дерекке қатысты толтырылған хаттамалар құқық қорғау органдарына жолданады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында қамыс арасына жасырылған үш жүрдек қайық тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар