Атырауда Каспий жағалауындағы қамыс өртенді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін, 19 мамырда түс мезгілінде теңіз жағалауындағы қамыс өрті туралы забар түскен.

«Теңіз жағалауындағы қамыс өртін барлау үшін сағат 16:00-де «Казавиақұтқару» АҚ батыс өңірлік филиалының «МИ-8 МТВ» тікұшағымен әуеден барлау ұйымдастырылды. Барлау кеззінде қамыс өртінің Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала ауылынан шамамен 40 шақырым қашықта, Каспий теңізінің жағалауында екені анықталды. Теңіз жағалауындағы батпақты жерде шамамен 32 га аумақтың құрғақ шөбі мен қамыс жанған. Сондай-ақ, 10,6 гектар аумақтағы 5 өрт ошағы анықталып, тікұшақпен әуеден бірнеше рет су төгілді» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір қамыс өртінің елді мекендер мен егістік алқаптарға таралмауын қадағалау үшін 2 өрт сөндіру автокөлігімен кезекшілік ұйымдастырылған.

Ал, ертең 20 мамырда дала өртін сөндіруге арнайы мамандар мен техникаларды жұмылдыруға дайындық жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көмір тиелген жүк көлігі өртенген еді.


Соңғы жаңалықтар