Атырауда кәсібін бастамақ болғандарға мемлекеттік гранттың берілмеу себебі түсіндірілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде 360-қа жуық кәсіпкердің жобасы мемлекеттен бизнеске берілетін қайтарымсыз қаржыны ұтпағаны жөнінде ақпарат тараған. Оның ішінде кәсіп бастамақ болған мүмкіндігі шектеулі жан да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік грантты ұта алмағандардың бірі – ІІ топ мүгедегі Мейрамбек Бауыржанұлы 10 жылдан бері халыққа қызмет көрсету орталығында әлеуметтік сала менеджері қызметін атқарып келеді. Ол қоғамның әлсіз топ өкілдерімен жұмыс тәжірибесін одан әрі жалғастыру мақсатында алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мобильді сервис қызметі» жобасын ұсынған. Жобаның құны – 5,5 млн теңге.

«Мен жобамды грант талаптарына сәйкес ұсындым. Шартта көрсетілгендей, жобада инновациялық, әлеуметтік бағыт қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу тәжірибем бар. Сондықтан, елімізде бұрын-соңды болмаған жоба іске асыруды көздедім. Бірақ, грант қаржысын ұта алмадым. Соның себебін білгім келеді», - дейді Мейрамбек Бауыржанұлы.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда, биыл өтінім берушілер саны 3 есе көп болған. Мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз қаржыға облыс бойынша 392 жоба ұсынылып, 37 адамға оң жауап берілді.

«Барлық ұсынысты қанағаттандыру үшін шамамен 2 млрд теңге қажет. Биыл бұл жобаға 106 млн теңге бөлінді. Біз оны игеру үшін Үкімет қаулысымен бекітілген арнайы ережеге сүйенеміз, яғни 27 млн теңге жастарға, 15,8 млн теңге қоғамның осал топ өкілдеріне, 63,2 млн теңге өзге жобаларға бөлінуі керек. Осы жылы грант беру тек Qoldau.kz порталы арқылы толық автоматтандырылған жүйеде өткізілді. Жобаларды комиссия ережеде бекітілген критерийлерге сәйкес бағалады», - дейді Нұрбол Жаңабеков.

Ал, Дамбы ауылының тұрғыны Света Өтеғалиева бес жылдан бері киім тігу ісімен айналысып келеді. Қарамағында төрт адам жұмыс істейді. Оның үшеуі – көп балалы ана. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа үш жыл қатарынан «Ер адамдардың киімін тігу» бағытымен бизнес жоспарын ұсынған. Тек биыл 2,4 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыны ұтып алыпты.

«Маған жобамды іске асыру үшін комиссия шешімімен 2,4 млн теңге қайтарымсыз қаржы беру мақұлданды. Барына шүкір етемін. Енді берілген қаржыға тігін цехының жұмыстарын ыңғайлауды жоспарлап отырмын. Мұнда «грантты беру барысында ашықтық болмады» деген пікірге келіспеймін. Өйткені, комиссия мүшелерін мүлде танымаймын», - дейді Света Өтеғалиева.

Комиссия мүшелері жобасы өтпей қалған кәсіпкерлерге келесі жылы қайта тапсырудың мүмкіндігін іздеуге, республикалық және жергілікті жерде іске асырылатын басқа да бағдарламаларға қатысуға кеңес беріп отыр. Кәсіп бастаушылар «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының арнайы мамандарымен кеңесуді де ұсынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 2 мыңға жуық жұмыссыз адамды оқытуға 158 млн теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар