Атырауда қария 5-қабаттағы терезеден секірмек болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тұрғын үйдің 5-қабатынан секірмек болған қария құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға бүгін, 9 маусымда болған. Бұл туралы сағат 17:00 шамасында «102» арнасына хабар түскен.

«Атырау қаласындағы «Авангард» шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатынан белгісіз ер адам секірмек болғаны анықталды. Оқиға орнына Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қадірбек Қуатов, Әли Қадыров пен учаскелік полиция инспекторы Әнуар Құспанов жедел жетті. Тәртіп сақшылары пәтерге терезеден кіріп, секіруге оқталған ер адамды құтқарып қалды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Құтқарылған ер адам қауіпсіз жерге шығарылды. Атырау қаласында тұратын 64 жастағы зейнеткердің тосын әрекетке отбасылық жанжалдың салдарынан барғаны анықталды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін 23 жастағы атыраулық он алтыншы қабаттан секіруге оқталғанын жазған болатынбыз.

Жас жігіт «Алмагүл» шағынауданында орналасқан тұрғын үйдің 16-қабатынан секірмек болған. Оны құтқаруға Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының взвод командирі Данабек Сақуов, қызмет инспекторлары, полиция аға лейтенанты Айдос Құбиев пен полиция лейтенанты Серік Жолдығалиұлы жедел жеткен.

Полицейлер жоғарғы қабатқа көтерілгенде, ер адам өзіне жақындамауын ескертіп, айғайлай бастаған. Диалог құруға тырысқан полицейлер ыңғайлы сәтте шапшаң қимылдап, жас жігітті балконға тартып кіргізген.


Соңғы жаңалықтар