Атырауда карантиндік шектеу қайта күшейтілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау қаласы мен Атырау облысы аумағында карантиндік шектеу шараларының қолданылуы эпидемиологиялық жағдай толықтай тұрақтанғанға дейін созылсын»,- делінген Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиевтің қаулысында.

Қаулыға сәйкес, тұрғындар мен жеке көліктердің түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге жүруіне, сондай-ақ, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, отбасылық, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас берулер), соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, қоғамдық орындарға, оның ішінде алаңдарға, саябақтарға, жағалауларға баруға, меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметіне тыйым салынған.

Қала сыртындағы сауықтыру орталықтарының және мектеп жанындағы лагерьлердің, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, интернет пен компьютерлік ойын клубтарының және адамдар көп шоғырланатын басқа да нысандардың қызметі тоқтатылған.

Сондай-ақ, діни нысандар қызметіне және халықтың онда баруына тыйым салынып отыр.

Бұған дейін Атырауда Ұлттық сараптама орталығының директоры мен 13 қызметкері коронавирус жұқтырған болатын.



Соңғы жаңалықтар