Атырауда карантин талабын бұзғандарға 48 млн теңге айыппұл салынған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында карантин шектеуін бұзғандарға 48 млн теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында жыл басынан бері карантин бұзған 500-ге жуық дерек тіркелген.

Мониторинг топтары 10 мыңға жуық рейд өткізіп, 42 542 нысанды тексерген.

Шектеу шараларын бұзғандарға жалпы сомасы 48 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Мәселен, 1-12 шілде аралығында 344 тексеру жүргізіп, 1 190 нысан бақылауға алынған.

Оның ішінде 20 нысан карантин бұзған. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, салынған көлемі 2 млн 500 мың теңгені құраған.

«Атырау қаласында 13 мониторинг тобы бар. Жұмыс күндері күндіз тексеру жүргізуге бір топ шығады. Ал, демалыс күндері үш топ нысандарға тексеріс жүргізеді. Мобильдік топтардың нысан ішіне кіруіне кедергілер туындайды. Өйткені, нысан иелері есікті ішінен құлыптап, жұмысын жалғастыра береді. Осындай себепке байланысты мониторингтік топ нысанның ішіне кіріп, тексеріс жүргізе алмайды. Сондықтан, мейрамхана иелерімен, салтанатты шара өткізушілермен түсініспеушілік мен кикілжің орын алады» - дейді Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Даулетов.

Оның мәліметінше, шектеулерді жиі бұзатын нысандар қатарында «Флория», «Vivaldi», «SKY BAR», «End Ne Stimz», «Рыба моей мечты» және «URBAN» секілді клубтар мен барлар бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда демалыс күндері базарлар, дәмханалар, сауналар жұмыс істемейтінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар