Атырауда карантин кезінде жиын-той өткізу тыйылмай отыр
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, Атырау қаласында 24 шілдеде үйінде көп адамды жинап, жиын-той, жанұялық шара өткізген 5 отбасы анықталған. Сол күні сағат 19:00 шамасында Балауса ықшамауданында 80 адам қатысқан құдалық, ал, сағат 23:10-да Тасқала ауылында бір отбасының келін түсіру тойы әшкереленген.
«Сондай-ақ, тексеру кезінде белгіленген шектеулерді орындамаған бірнеше дүкен мобильдік топтардың назарына ілікті. Мәселен, Вокзал маңы-5 ықшамауданында орналасқан «Алкомаркет», Томарлы ауылындағы «Фариза» дүкені сағат 21:00 кейін жұмыс істеп тұрса, Береке кентіндегі, Ширина, Ақ Жайық елді мекендеріндегі азық-түлік дүкендерінің сатушылары тұтынушыларға медициналық маскасыз, қолғапсыз қызмет көрсеткен.
Полицейлер рейдтік шара кезінде Балықшы кентінде көлік жуу орнын, Вокзал маңы-3-А ықшамауданында «Куры гриль» дүңгіршегінің, Баймұханов көшесінде «Донерстан» қоғамдық тамақтану орнының карантин талаптарын бұзғанын анықтады» -деді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, карантин режимін бұзудың барлық дерегі бойынша жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында карантин 3 тамызға дейін созылған еді.