Атырауда қаңғыбас ит талаған 5 жасар қыз ауруханаға жеткізілді

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қаңғыбас ит талаған 5 жасар қыз ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының тұрғыны Әсем Байжанның айтуынша, қаңғыбас ит оның балаларына да, өзіне де бірнеше рет шабуыл жасаған.

«Қабаған ит былтыр мені таламақ болды. Осыған байланысты зоотехниктердің әртүрлі топтарына жазба қалдырдым. Олар менің өзімді кінәлі етті. 2022 жылдың 7 мамырында сағат 18:30-да Азаттық көшесінде дәл осы ит бес жасар жиенім Сафияны қауып алды», -деп жазды ол Facebook парақшасында.

Облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі бұл деректі растады.

«Атырау қаласының тұрғыны 5 жасар тұрғыны Сафия Р. 7 мамыр күні кешкі сағат 19:20-да облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Кезекші дәрігер-травматологтың айтуынша, бұралқы ит баланың сол жақ бетін, жоғары және төменгі ернін бірнеше рет тістеген. Ауруханада баланың бетіндегі жарақаты тігілді. Құтыруға қарсы вакцина салынды. Қазір бала үйіне жіберілді. Енді тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада емделеді», -деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Атырауда бұралқы ит мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр.

Осыған орай бір топ ана Ретросаябаққа жиналып, көшедегі қаңғыбас иттерді атуға рұқсат беру мәселесін көтерген еді.

Қала тұрғыны Зухра Ильясованың айтуынша, №21 мектептің жанында үнемі 5-6 ит жүреді. Жақында қаңғыбас ит 5-сынып оқушысын қауып алған.

«Менің балам ит қапқан оқушымен бірге оқиды. Мектептің жанында бірнеше ит балаларға үріп, үрей туғызып жүреді. Балаларымыз үшін қорқамыз», -дейді Зухра Ильясова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда былтырғы жеті айда 38 адамды ит қапқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар