Атырауда канал жағасындағы 3 гектар аумақта қамыс өртенді

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда канал жағасындағы 3 гектар аумақта қамыс өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қамыс өрті туралы 15 наурызда сағат 16:38-де хабар түскен.

«Атырау қаласының маңындағы Новокирпичный елді мекенінде орналасқан каналдың жағасында қамыс өртенді. Жалынды сөндіруге өрт сөндіру және авариялық-құтқару жедел қызметінің 9 қызметкері мен 3 арнайы техника тартылды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде «Атақоныс» шаруа қожалығының аумағында далалық шөптің жанып жатқаны анықталды. Қамыс өрті 3 гектар аумаққа жайылған. Жалын кешкі сағат 19:50-де толықтай сөндірілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауласында алау жаққан мектептің директорына қатаң сөгіс берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Атырау қаласындағы Ө.Атамбаев атындағы №8 мектепте Масленница мерекесі атап өтілген. Соған орай мектеп ауласында алау жағылған. Алау анында оқушылар тұр.


Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, мұндай іс-шараны мектепте өткізуге болмайды.

«Діни сипаты бар іс-шара мектептің базасында өткен. Бірақ, қауіпсіздікті сақтау үшін төтенше жағдайлар органдарымен келісілмеген. Атырау қалалық білім бөліміне де хабарланбаған. Мектептің директоры ата-аналар ұсынысын қолдап, білім ордасының ауласында алау жағуға рұқсат берген. Осыған байланысты мектептің директорына қатаң сөгіс берілді», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.


Соңғы жаңалықтар