Атырауда КамАЗ көлігі қаққан 6 жасар бала мерт болды

None
Фото: Әлеуметтік желілер
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда КамАЗ көлігі велосипедпен келе жатқан 6 жасар баланы қағып кетті. Балақай оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 30 мамырда жергілікті уақытпен сағат 19:20 шамасында болған.

Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Атырау қаласының Жұлдыз-2 шағынауданында КамАЗ жүк көлігі велосипедпен келе жатқан 6 жасар баланы қағып кеткені анықталды. Көлік қаққан бала оқиға орнында мерт болды. Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты іс-құжаттар жинақталып жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері жазғы демалыс кезеңі жақындағандықтан ата-аналарға балалар қауіпсіздігін қадағалауды ескертіп отыр.

Қауіпсіздіктің басты талабы – жол қозғалысы ережесін сақтау.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол апатынан 4 шетелдік мерт болғанын хабарлаған едік.

Жол апаты 20 мамырда сағат 02:20 шамасында Атырау облысының аумағында Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 133-ші шақырымында болған.

Toyota Ipsum мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Toyota Ipsum автокөлігі өртеніп кеткен.

Оның жүргізушісі мен 3 жолаушысы мерт болды. Ал, 2 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

«Мерт болған төрт адамның арасында 4-5 жас шамасындағы бүлдіршін бар. Қаза тапқандардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көз жұмғандар Өзбекстан Республикасының азаматтары екені анықталды», -деп хабарлаған еді патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметов.


Соңғы жаңалықтар