Атырауда итті қорлықпен өлтірудің тағы бір оқиғасы тіркелді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында итке қатыгездік көрсетудің тағы бір оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға кеше, 7 маусымда Индер ауданындағы Көктоғай ауылында болған.

«Ауыл тұрғыны көршісінің итін ауыл шаруашылығы құралымен соғып өлтіргені анықталды. Аудандық полиция қызметкерлері қылмыстық құқық бұзушыны ұстады. Үй жануарына қатыгездік танытып, өлтірген азамат уақытша оқшаулау орнына қамауға алынды. Жинақталған іс-құжаттары қысқа мерзімде сотқа жолданатын болады», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында итті қорлауға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалған болатын. Бірінші оқиға 30 мамырда Атырау қаласының маңындағы «Береке» шағынауданында болды. Онда ер адам көшедегі итті мылтықпен атқан. Ал 31 мамыр күні Еркінқала кентінде 32 жастағы азамат иттің мойнын тоңазытқыштың есігіне қысып, тұншықтырған болатын.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында 45 жастағы әйел итін төртінші қабаттағы терезеден лақтырып жіберген. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал Алматы Алматы облысының Алакөл ауданында екі оқушы бала қапқа салынған күшіктің үстіне бензин құйып, оны тірідей өртеген болатын.


Соңғы жаңалықтар